Ақылды арыстан

Ертеде бір аш қасқыр жортып жүріп байқамай суға түсіп кетіпті. Ары тырмысып, бері тырмысып шыға алмаған соң, ақыры амалсыз «құтқарыңдар» деп бар дауысымен айғайлапты. Дәл сол кезде сол маңнан бір бұғының бұзауы өтіп бара жатқан екен. Соны көзі шалған қасқыр «құтқара көр» деп жалбарыныпты. Қасқырды көрген ақкөңіл бұзау мойнын бұрып, «құтқарса, мені жеп қоясың ғой» дейді ішкі күдігін жасырмай. «Жемеймін» дейді қасқыр ант-су ішіп. Оның сөзіне сенген аңқау бұзау бір арқан тауып әкеліп құтқарып алады. Бірақ жағаға шыққан соң қасқыр сөзінен айнып, бұғының бұзауын бас салып ұстап алады да, жемекші болады.

Дәл осы кезде тұстарынан өтіп бара жатқан арыстан екеуінің дауыстарын естіп бұрылады. Жақындап келіп, не жағдай болғанын сұрайды. Бұзау болған жайды бастан-аяқ түгел баяндап береді. «А, солай ма?-дейді арыстан. – Қызық екен. Бірақ менің бұған сенгім келмей тұр. Мүмкін болса, қайта бір қайталап бересіңдер ме? мен көзбе-кқз куә болайын. Төрелікті сонан соң айтармын».

Екеуі бұған келіседі. Кешікпей қасқыр жандарында ағып жатқан суға түседі де, қайтадан «құтқарыңдар» деп айқайлай бастайды. Соны күтір тұрған арыстан: «Берген уәдеңде тұрмаған екенсің, көретін күнің осы… енді ешкімнен жақсылық күтпе!» деп бұзауды ертіп жөніне бұрылып кете барады.

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған