Ай аттарының сыры

Наурыз – көктемнің алғашқы айы. Парсыша «жаңа күн» деген мағына береді. Шындығында, наурыз айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы. Қазақтар наурыз мерекесін (ұлыстың ұлы күні – жыл басы ретінде тойлау дәстүрімен ай атына айналдырып жіберген. Наурыздың 22-інде күн мен түн теңеледі.
Сәуір – көктемнің екінші айы. Арабша «өгіз» деген мағынаны білдіреді. «Өгіз» – күн жолындағы шоқжұлдыздың аты. Қазақтар оны ай аты ретінде қолданып кеткен. Сәуірдің ертеден келе жатқан қазақша аты «көкек» болатын. «Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады. Соңдықтан бұл сөз жағымсыз мәнде айтылады» деген оймен оны сәуірмен алмастырған.
Мамыр – көктемнің соңғы айы. Жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя салып мамырлайтын, семіретін кезі. Ескі түркі тілінде «мамыр» тоқшылық, семіру деген мағынаны білдіреді. Осы айда мал да оңала бастайды.
 

Маусым – жаздың алғашқы айы. Арабтың «мезгіл» деген сөзі. Шөп шабу, пішен дайындау маусымына байланысты ай аты осылай аталған. Үнді, Еуропа тілдерінде «маусым» сөзімен төркіндес «муссоң» термині «жазда мұхиттан құрлыққа, ал қыста  құрлықтан  мұхитқа қарай соғатын жел» дегенді білдіреді.
Шілде – жаздың екінші айы. Парсы тілінде (шіллә) «қырық» деген мағынаны білдіреді. Жазғы қырық күн шілденің негізгі ыстық күндері осы айда өтеді. Ол әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып кеткен. Шілдеде күннің ұзақтығы қысқара бастайды.
Тамыз – жаздың соңғы айы. «Күйдіру» деген мағынаны білдіреді. Тамыздық сөзі де осы мағынадан туындаған. Тамыз айында аптап ыстықтан шөптің басы сарғайып, қурай бастайды. Піскен егін орылады. Осы құбылыстарға байланысты бұл айды кейде «сарша-тамыз» деп қосарлап айтады. Яғни «сарша» сөзінің арғы тегі – «сары шақ», ежелгі түркі сөзі.
 

Қыркүйек – күздің алғашқы айы. Осы айда қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйек байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс басында өткізіледі. Сол себепті «қыр» және «күйек» сөздерін біріктіріп, айды «қыркүйек» атап кеткен.
Қазан –күздің екінші айы. Парсы тілінде «күз» дегенді білдіреді. Бұл айда егін орылып, жеміс-жидек жиналып, қамбаға, қазанға түседі. Жерде қалғанын суық соғып, үсік шалады. «Қазан соғу» деген осы мағынаны білдіреді.
Қараша – күздің соңғы айы. Жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды. Ай атының «қараша» деп аталуы да осыны меңзейді. Қарашада қар түсе бастайды, мұны халық «қарашаның қары» деп атайды.
 

Желтоқсан – қыстың алғашқы айы. «Жел» және «тоқсан» деген түркі сөздерінің бірігуінен шыққан. Яғни, үш ай желді және боранды деген ұғымды білдіреді. Бір тоқсанда үш ай болатыны көпке белгілі. Ежелгі түріктер жел айы немесе тоқсан деп те атаған. Желтоқсанның 22-інде күн барынша қысқарады.
Қаңтар – қыстың екінші айы. Қаңтар – ескі түркі сөзі. Күннің барынша қысқарып, байланғандай қаңтарылып тұрып қалуына орай «қаңтар» деп атаған. Бұдан кейін күн ұзара бастайды, «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» дейді халық.
Ақпан – қыстың соңғы айы. «Ақпан» – қазақтың «ақ ықпа», яғни боран деген сөзінен шыққан. Осы айда келетін амалды «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасына келеді. Қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады. Аяз күшейеді. Малдың жұтқа ұшырауы осы айда басталады. Олар тауды ықтап, ағашты паналайды. Айдалада адасып, аштық пен суықтан қырылып қалады. Жұт дегеніміз – осы.

Күнделікті тіршілігімізде қолданып жүрген күн қайырудың жүйесін «азаматтық ай» немесе «дәстүрлі ай» деп атайды. Осымен бірге, кейде шоқжұлдыздық айды да қолданамыз. Шоқжұлдыздық айдың есебі көктегі жұлдыздар бойынша жүргізіледі және арасы бір айға тең. Яғни, Күн Жерді 365 тәулікте айналып шыққанда он екі шоқжұлдызды басып өтеді.

Дереккөз: bilim-all.kz

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған