Қайыр болып қайтқан садақа

   Бұл көпті көрген қария еді. Соғыс жылдары оның басына әртүрлі қиындықтар түсіп, көп нәрседен айырылды. Әйелі көз жұмды. Баласынан ешқандай хат-хабар ала алмады. Соғыстан денсаулығы нашарлап, әлсіреп қайтқандықтан, өзіне ыңғайлы жұмыс табу да қиынға соқты. Сондықтан қарапайым ғана бір отбасында малшы болып қызмет атқарды. 


   Бір күні мал бағып жүрген ол жолдың жиегінен қалаға қарай бағыт алған бір топ адамды көреді. Байқастаса, арбада ауыр халде ауырып жатқан жігіт бар екен. Жігіттің жағдайы төмен екені көрініп тұр, үстіндегі киімі тым жұқа, суық өтіп, дірілдеп келеді. Жаны ашыған қарт өзінің жас кезінен бері тастамай киіп жүрген қалың күртешесін шешіп береді. Өзі науқастың жұқа киімін жамылып, амандық тілеп қала береді.
   Кенет ауруханаға кірген науқас жігіттің иығына әлдекім қолын салып: «Әке!» дейді жарқын үнмен. Алайда, өзінің қателескенін біліп, кешірім сұрайды: «Менің әкемнің де дәл осындай күртешесі болатын, сізді әкем екен деп ойлап қалдым…» Науқас жігіт сұрастыра келе, оның әлгі өз күртешесін шешіп берген қарияның баласы екенін анықтайды. Денсаулығын тексеріп болған соң, екеуі бірігіп ауылға қайтады. Ұзақ жыл бойы жоғалған туған ұлын тапқан қарт әкенің қуанышында шек жоқ еді!
   Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды жақсылық жасауға үндеп, «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла да оған көмектеседі», – деген.

Дереккөз:  #асыларна

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған