Қара бауыр

Алатау… Алатаудың асқар-асқар асуынан арғы бетке асырсам, алдарыңнан аңғары ұлы өзен кезігеді. Аңғардың екі жағы қап-қара үңгір, меңіреу құз көресің. Құздың аспанға өрлеген басы ақшонақ шоқы, мәңгілік мұз көресің. Өзен арнасы тамылжыған тоғай. Балақ-балағы, түбек-түбегі жыныс, жақпар-жақпар жартасқа көзің сүрінеді. Сол жақпарға үңіле қараңыз, ол көрінгеннің барлығы да тұтас тас емес. Оның бірсыпырасы жанды тастар. Арбақай мүйіз арқарлар, тоң, ерек мойын құлжалар, тағылығы шектен асар асау тауешкі, таутекелер, тарлан тасты тарғыл шұбарлап безеген сулар.

Осы көрікті табиғаттың ортасына у-шу қылып асау атынды судан құлағыңыз тосаңсиды. Бұл — Алатаудың атақты өзені Бұратара. Қалмақ жері. Мұндағы Жоңғар қалмағы.

Сол құлдыр шұнақ шоқының зындан құзынан бір жіптей жіңішке жалғыз аяқ жол жатады. Із шыққан Айдар кезенінің астынан су ағып, осы жол алатаңдақтанады. Сіздің түсетін жәһаннамыңыз осы болады. Ақырында апарымдайсыз. Тасқа таянасыз. Жарға сүйенесіз. Бұтаға жармасасыз. Құлай-құлай табанға түсесіз. Түскен жеріңіздегі жыраңқайдан іш су ете түседі. Алдыңызда аң ба, адам ба — аң-таң боласыз! Ғажайып сұмдық көресіз: Керегесі жоқ уық көресіз. Туырлығы жоқ түндік көресіз. Боз шұбар, бөрте қойтастай бұғынып-бұғынып жерді құшақтап жарты үйлер жатады. Үзігі қылан боз үй де, құнары жоқ қара лашық та жермен-жексен. Батпаққа түскен сиырдай белуарынан үйлер қара жерге батқан болады. Тамсанасыз. Бәрі де бөкене, уық үй осы болады. Жаугершілік заманындағы «жолым үй», «абылайша», « қ о с » деп осыларды айтады. Жүздері солыңқы, қабақтары салыңқы, еңсе жоқ, жігері құм, құр сүлделі үрейі ұшқан адамдар болады. Адамның ауылы емес, Алатаудың аң өмірі алдыңа келеді. Таң қаласың.

Анау мұзды шоқының шоқтығынан күн асып, өзен алабын күңгірт көлеңке алады. Ең шеткі жылтыраған отқа келесіз. Үш тастан ошақ, жарық берменнен қазан көресіз. Жарық берменге «жаппай» жауып, қара құманға қайынның қабығын қайнатып отырған тұтқыштай қара қатынды көресіз. Қасында қара пұшық, қарынсау баласы:

— Aпa, нан! Ы-на-а-н! Апа,нан! — деп шешесінің жыртық кимешегін жұлқылап тұрады.

Енді жан-жағыңызға қарағанша қара тұманды аспан қабағын жабады. Сілбісі сіркіреп, күні күркіреп, өте зәрлі өткір жел соғады. Үстібасыңыз су болады. Қойыннан жел жорғалап, мойыннан су сорғалап, ықтасын іздейсіз. Үш уықтың басын буған құрым туырлықтың есігін қара жеңгей аша береді. Үңгірге кірген аюдай төрттағандап төріне шығасыз. Кеудеңіз көтерілмейді. Өбектеп отырсаңыз да өзіңізді өзіңіз қайда екеніңізді айыра алмайсыз. Аспан ба, аспан айырған нажағай ма, сатырлап жауған жауын ба, дүрілдеп соққан дауыл ма, елде адамы өліп жылап қалған ауыл ма, баурымдаған бауыр ма, шулаған ағайын ба, өкірген жел ме, еңіреген ел ме — күңіренген дыбыс, шулаған дауыс. Айналаң шу-азан болады.

Ілияс Жансүгіров

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған