Асық – қазақтың ұлттық коды

Асық – қазақтың ұлттық ойыны ғана емес, адазматқа ортақ тарихи жәдігер. Сырт көзге қос жілікті байланыстырып тұрған қарапайым сүйек болып қана көрінгенімен, оның мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Асық ойнап өскен бала ұлттың мәдениетін, дәстүрін бойына сіңіреді. Әрі, ойнай жүріп мергендік пен ептілікке дағдыланады.

Сөз басында тарих туралы айтып өттік қой. Кешегі Кеңестік идеологияның салқыны ұлттық болмысымызға орны толмас соққы жасап, талай құндылықтарымыз ұмыт қалды. Әйтпесе, ғасырлар бойы қанға сіңген, тұрмысқа дендей енген дүниелерімізді брендке айналдырып, әлемге танытуға болар еді. Мына қызықты қараңызшы, жер жаһанның назарына өзіне аударып, талайды тамсандырған Тутанхамон перғауынның мазарынан не бір құнды дүниелер табылды. Арасында асық бар. Жеті кереметтің бірі саналатын Пирамидаға тегін адам жерленбесі анық, әрі “өлімнен кейін өмір бар” деген сенімді нық ұстанған мысырлықтар табытқа марқұмға ең қажетті дүниелерді ғана салған. Асықтың құндылығын осыдан-ақ аңғара берсеңіз болады. Ал, ол біздің ұлттық ойындардың сапына кіреді. Сонда Тутанхомон перғауын асық ойнаған ба? Бүгінгі қазақ даласы мен сонау Мысыр перғауынының арасында қандай байланыс бар? Шешілмеген жұмбақ…

Хош, әуелгі тақырыпқа қайта оралайық. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев бір сөзінде “Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе” деген екен. Қарап отырсақ, асық ойындарының балаға берері мол. Ең алдымен, ол баланы ептілік пен шапшаңдыққа баулып, табандылығы мен қырағылығын жетілдіруге септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, асық ойнап өскен баланың жүйке-жүйесі тұрақты, ой-өрісі кең болады. Әрі, сақаны қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, мидың жұмысын жетілдіреді. Қазір білім беру ісінде шетелдік технология жиі қолданылады. Солардың арасында жаңалық ретінде “ұсақ моториканы”  дамыту мәселесі көп айтылып жүр. Алайда, ол біздің халық үшін жаңалық емес, ежелден бар дүние. Тек, осы уақытқа дейін ескерілмеді, дұрыс көңіл бөлінбеді.

Архаизмге айнала бастаған асық спортын қайта жандандырып, жаңғыртуға елеулі еңбегі сіңген белгілі этнограф Бек Қарашиннің айтуынша, асық – халық дәстүрін, өткені мен бүгінін байланыстырушы құрал. Асық ойыны күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа, дүниетанымға сай қалыптасқан. Мәселен, ойындағы асықтың жатысының өзінде үлкен мән-мағына бар.

«Асық жатысының мағынасын: 1.адам денесі мүшелерімен салыстыра отырып; 2.адамның белгілі бір жағдайдағы қалпымен; 3.оның қоғамдағы әлеуметтік жағдайымен байланыстыра бейнелеуге болады. Осы уақытқа дейін асықтың осы мағынасына этнографтар арнайы назар аударған емес. Сол себепті, бұл түсініктемелеріміз де көбіне жорамал мен болжам ретінде қарастырылуы тиіс. Бірақ болжамсыз теория тумайды. Сондықтан, асықтың ең төменгі сатысы – «шік» пен «бүктен» бастап жоғары өрмелеп көрелік…

«Шік» (шөк) – жат, шалқаңнан түс, құла дегенді білдіреді. Түйені «шөк» деп шөгеру осы мағынаға жақын. Бұл да асықтың әлсіз жатысының бірі – шалқасынан жатқан адамның кейпін береді. Ондай адам қауқарсыз келеді, ішін жоғары қаратып жатқанынан іш, іші, шік – шалқасынан жату мағынасы туындаған. Асықтың ортасындағы шұқыр кіндік шұқырымен сәйкес. Сондықтан, «шік» дегеніміз ойда құлдырау, берілу, шарасыздық, амалсыздық сияқты ұғымдармен ассоцацияланады.

«Бүк»-иілу, бұғу, көну мағынасын береді. Асықтың бұл жатысында тағдырдың тәлкегіне түскен, жазмышқа көнген, оны толық мойындаған, әрекеті жоқ, бүкірейіп төрттағандап құлаған, басын түсірген қауқарсыз адамның бейнесі бар. Дәлел ретінде қазақтың «бұқ», «бүгіл», «бүктіру» сияқты мағынадағы сөздерін атауға болады. Адамның мұндай жағдайы толық бағынышты құлға тән. Мүмкін, түркілермен көп араласқан орыстардың «бог» деген сөзі «бүк» (бүгіл, тағзым ет) созінен туындағаны рас шығар?..

«Тәйкі» (кейде «таба» деп аталады) сөзі «тай» (құлын) сөзінен емес, «тай»(тайып тұр) деген мағынадан шығады. Мысалы, тайғақ, таю, тайғанақ т.с.с. Осыдан «тәйкі» дегеніміз тайғы (тайғақ) сөзінің өзгерген түрі ме дейміз. Шынында да, асықты осы беті мұз сияқты тегіс, жылтыр келеді. Бұл – жағдайдың сенімді емес, тайғанақ, яғни, мығым емес, қолайсыз, қауіпті екендігін білдіреді. Сондықтан «тәйкі» адамның қолайсыз жағдайын, ортасы орнықсыз екендігінің бейнесі. Адамдар өз тағдырымен бетпе-бет қалған қазіргі заманда көбінің асықтары «тәйкі» тұр десек болар. Бұл түсініктеме көбіне асық тұрысының мағынасына сай болғанмен, қазақ тілінде «тәй-тәй» (жүр) деген етістік барын ұмытпау керек. Аяғына жаңа тұрған балаға қарата қазақ «аяғыңда нық тұрмасаң да, қадамың құтты болсын, тәй, тәй» деп тілейді. «Тәй-тәй» деген «Жүр! Жүр!» деген бұйрық райына жатады. Ендеше, бұрындары «тай» дегеніміз құлынның жалпы атауы емес, жаңадан туылған құлынға қаратыла айтылатын сөз болса керек. Себебі, оның орнынан тез тұрып, тез аяқтанып, қасқырға жем болмай тұрғанда тайып тұруын тілеген адамдар құлынға «тай» деп ырымдап айтуы – шындықтан алыс емес….

«Алшы» – «ал» деген бұйрық райы етістігінен және «шы» деген әрекетті жасаушыны білдіретін қосым жалғаудан тұрады. Мұнда асық ойыны мен адамның біртұтастығы берілген. «Алшы» дегеніміз асықтың түсуі ғана емес, ол санада «алушы», «жеңуші», «жаулаушы» т.с.с. мағына туғызады”, – дейді Бек Қарашин өз мақаласында.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлт руханиятын жаңғыртып, өшкенімізді жандыру жолында ерекше жол салып, бағыт-бағдар сілтеп берді. Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының және “Ұлы Даланың жеті қыры” мақаласының  аясында ескерілмей, тасада қалып кеткен талай рухани байлықтарымыз зерттеп, зерделену үстінде. Бұл – тәуелсіздік жемісі.

Ержан ЖӘНІМХАН,

Қарағанды облысы,

Абай ауданы,

Дзержинск жалпы білім беретін мектебінің денетәрбиесі пәнінің мұғалімі

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған