Біздің балалардан үйренеріміз

Бала кезде есейгенше асығамыз. Ол кезде бізді ересектер өмірінде қандай қиындықтар күтіп тұрғанын ойламаймыз. Өскен соң, қайтадан бала болуды қалаймыз. Ал бала боп қалу не жүргеіңді сәби кездегідей пәк етіп ұстау екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан балаларға үйретіп, тәрбиелей жүріп, өзіміздің де балалардан үйренеріміз көп.

Жақсы ма, жаман ба, бірақ балалар ешқашан не істейтінін жоспарламайды. Олар кез келген кездейсоқ жағдайды солай болуы керек сияқты қабылдайды. Егер бала әр минутын жоспарлап, уақытпен санасып отырса, бұл күлкілі, тіпті ақымақтың әрекетіндей көрінер еді.

Балалар белгілі бір істі бұрын істей білмегені үшін алаңдамайды. Барлығын басынан бастап үйренуге кіріседі, қателік жіберсе де мойымайды, тез арада оны түзетіп, екінші рет қайталамауға сабақ алады. Ал үлкендер өз күшіне сенбей, «кезінде үйреніп алмаппыз» деген сөзбен құтылғысы келеді.

Балалар спортпен айналысуы үшін оның денсаулыққа пайдасын ойлап жатпайды. Жай ғана ағашқа өрмелеп шығудан, шанамен ойнаудан ләззат алады. Ал біз спорт та қуаныш сыйлай алатынын ұмытып кетеміз де, өзімізді қинап жаттығу жасаймыз не айналыспай қоя саламыз.

Бір нәрсе ойдағыдай болмай қалса, жай ғана күліп, ары қарай жалғастыру. Балалар ештеңені жоспарламағаннан кейін де, олардың санасында «ойдағыдай болмау» деген ұғым жоқ. Біз болып жатқан жағдайға күліп қана қарап, өзімізді қолға алудың орнына, өзіміз қара аспанды төндіреміз.

Балалардың миы барлық жаңа нәрсені сіңіргіш секілді қабылдап алады. Олар үшін жаңа істің барлығы қызық, бәріне кірісіп кеткісі кеп тұрады. Ал ересектер жаңа нәрсені қабыладу үшін соншалықты көп күш керек деп ойлайды. Олар өздерінің қабілеті туралы ойланып жатпайды, жай ғана өзіне ұнайтын іспен айналысады. Мұны ата-аналары байқап, қабілетін ары қарай жетілдіру үшін үйірмелерге береді. Ал үлкендерге біреу оның икемін айтса, құлақ аспайды.

Балалардың бетінде барлығы жазулы тұрады. Олар не нәрсеге қуанып, қандай жағдайда мұңаятынын білу қиын емес. Ал ересектер эмоциясын жасырады. Қуанып тұрса да, баладай шаттанып кетуді ұят санайды. Жылағысы келсе көз жасын көрсеуге де қысылады. Көп жағдайда бұл – жақсы да, ал кейде адамның өзіне зиян. Неғұрлым ашық болып, ішкі сезімдерін шынайы көрсеткен сайын өзгелермен тіл табысу да оңай болады.

Неге? Қалай? Жеттік пе? Бір іс біткенде, балалар тоқтаусыз сұрақ қоюға бейім. Барлық сұрағы бірдей жүйелі емес, әрине. Бірақ бұл қасиет көп жағдайда пайдасын тигізеді. Бізге де осы қасиетті үйреніп, барлық сұрақтың жауабын іздеумен жүруіміз керек.

Дереккөз://massaget.kz/

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған