Болашақты бірге жасаймыз

Сонау ерте заманда, бүгінгі қазақ елінде, Жаңаарқа атты жерінде ақылдың символы ретінде көкті сұнқар, таланттың тұмары болып жерді тұлпар, білімді кітап, байлықтың бастауы болып жерді інжу басқарыпты. Күндердің күнінде бірі ақылына, бірі талантына енді бірі біліміне және байлығына мастанған төртеуінің рухы биіктеп, бойларына желік бітіп, әрқайсысы өз мекендерін тастап, ел кезіп кетіпті. Сұңқар ұшса қанаты қайырылып, тұлпар шапса тұяғы талып, кітап мұқабасы мұжылып, маржан құндылығынан айырылып, өздеріне жайлы қоныс таба алмай дүниені кезіп әбден шаршапты.

Ақыры, жүгініп әлем Абызына келіпті. Абыз мән-жайды түсінген соң:

– Иә, осы әрекеттеріңнен өздерің не көрдіңдер, не түйдіңдер, ойларыңды айтыңдаршы, – депті.

– Көргенімізді айтсақ, көпсөз, түйгенімізді айтсақ – әркімнің өз жері жұмақ мекені екен,– депті сұнқар.

Кісі елінде күркірегенше, өз еліңде дүркіре дегендей, «өз елім – өлең төсегім»,– депті тұлпар.

Өз Отаным оттан да ыстық, теңізден де терең екен, – депті інжу.

Туған жерге туың тік,– деп қостапты кітап.

Сонда Абыз: – Тауып айттыңдар, ғаламның төрт тірегі «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» – деген осы. Біріңсіз біріңе күн жоқ. Сендерге жетпей тұрған бір ғана нәрсе – ол мейірім.

«Бес саусақ бірікпей іс бітпес» дегендей, мен сендерді алтын нұрлы күн астында жинайын. Күн – ол кімге болсын шуақ нұрын шашуға даяр, кімнің болсын айбарын асқақтатуға әзір. Сендерге керегі – тек ынтымақ. Дөңгеленген дүниенің доңғалағына дұрыс бағыт беріңдер, – деп шығарып салыпты.

Мәди ПАЗЫЛОВ,

Б.Амалбеков атындағы орта мектеп. 

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған