Демокриттің нақыл сөздері

Бейпіл ауыз,мылжың әлдекімді көргенде Демокрит:

– Мынау адам сөйлеу білмейді емес, үндемеуді білмейді екен, –  депті.

Өзін ақылдымын деуге құмар адамды сыпайы болға шақыру – бос әурешілік.

Көп білуге емес, бір зат төңірегінде сан түрді ой түйе білуге дағдылан. 

Заңды адамдар шығарады, ал табиғат атомдар мен кеңістіктен жаралған.

Әр нәрсенің басын шалуға құмарлық – надандықтың белгісі.

Әділетсіздік жасау түгілі ол туралы ойлаудың өзі – күнә.

Біреуге үстемдік жүргізгісі келетін адам ең әуелі өзін-өзі басқара білсін.

Саналылықты уақыт қалыптастырмайды. Оның негізі – жүйелі тәрбие мен табиғат қалпында.

Жақсылық атаулыға талмай іздену, табандылық пен еңбек қана қол жеткізеді. Ал жамандық, байқамасаң, өзі-ақ меңдеп алады.

Ақылды жан өзінде жоққа қайғырмайды, керсінше барына қуанып жүреді.

Бірқалыпты көңіл қошымен өмір сүргісі келген адам жеке басы тіршілігінде, қоғамдық жұмыста өз қуат-қарымы, қабілетінен зор тапсырма алмағаны абзал.

Адал, адал емес адамдар атқарған ісінен ғана анықталмайды, ниетінен де байқалады.

Дұшпанын жеңген адам ғана ержүрек емес, өзінің пенделік құмарлықтарына тежеу сала білген де ержүрек. Бүтін мемлекет, жеке қалаларды билеп отырғандардың ішінде өзін игере алмаған қалпы көз жұмғандарына тарих куә.

Ақымаққа айтылған ақыл-кеңес емес, басына түскен бақытсыздық қана әсер етеді.

Бақыт дегеніміз – рухани үйлесімділік, ішкі-сырты ізгілік тепе-теңдігі, нық сенім, оған қоса қажыр-қайрат.

Ақылсыз басына іс түскенде ғана Құдайды есіне алып ант-су ішеді. Қиындықтан құтылған сәттен бастап Құдайын да, уәдесін де ұмытады. 

Сөз – істің көлеңкесі.

Не нәрсенің де ортасы жақсы: тым молшылық та емес, жетіспеушілік те емес.

Тіршілігінде кешірімді бола білмейтін, кейде шегіне алмайтын адам – шын бақытсыз. 

Біреудің басына түскен ауыртпалыққа іштей қуанатын адам күні ертең өз басына одан да зор қиындық туатынын біле бермейді.

Себепсіз, кездейсоқ дәнеңе болмайды.

Дана адамға бүкіл әлем есігі ашық. Өйткені әлем – оның көкірегі.

Даналықтан үш қабілет туындайды: ұтқыр шешім, қателеспейтін сөз, нәтижелі әрекет.

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған