Елші-поляк, руы-үйсін

1939 жылға дейін Польшада «Ұлан» әскери жасағы қызмет етті. Тікелей корольге ғана бағынатын әскерилердің тегі – татар. XV ғасырда Азиядан қоныс аударған көшпенділерді еуропалықтар осылай атап кеткен. Бұған өздері де қарсы келмейді.

1397 жылы Әмір Темір әскерінен ойсырай жеңілген Тоқтамыс хан соңына ерген сарбаздарымен Вильно, Новогрудка, Лиды, Брест және Минск маңына қоныстанады. Өз жеріне көмек сұрай келген көшпенділерді князь Витовта құшақ жайып қарсы алып, жер берген. Мақсаты – жауынгер халықты қалқан етіп, жауларынан қорғану. Солай болды да. Литва мен Польша жерін мекендеген көшпенділер негізгі әскердің бастау көзіне айналды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін елдің тыныштығын күзетіп келді.

Бертінде әскери құрылым ретінде тарих сахнасынан кеткенімен, ықпалын жоғалтпағаны байқалады. Елдегі жоғары лауазымды әскери генералдары мен мемлекет қайраткерлерінің көпшілігі сол татарлардың ұрпағы. Польшаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшісі Селим Хазбиевичтің де ұлты – татар, руы – үйсін. Оны өзі мақтанышпен айтады. Өзге елдегі бауырларымен тығыз қарым-қатынас орнатуға талпынады. Алайда, ұзақ жылдар жат елде тұрмыс кешкендіктен, салтдәстүрі мен тілін ұмытқан. Тек діндерін ғана сақтап қалыпты.

Ал, енді мына қызықты қараңыз. Польшадағы ат төбеліндей татарлар Найман, Арғын, Жалайыр, Қоңырат және Үйсін деген бес тайпадан құралады. Бұл нағыз қазақ тайпалары. Яғни, татар атанғандардың тегі қазақ.

СУРЕТТЕ: «Ұлан» әскери жасағының сарбаздары. 1919 жыл, Варшава.

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған