Мектепке бара жатқан жолда оқушылар не туралы әңгімелеседі?

Бала біткеннің арманы мектеп табалдырығын аттап, білім алу, достарының қасында өзін бақытты сезіну. Бала үшін өмірде дос табуы –оның есейгені. Өйткені ол жан сырын тек үйімен емес, досымен де бөлісетін болады. Сондықтан мектеп – ең ұлы орда. 

Сіз балаңыздың мектепке бара жатқан жолда не айтатын білесіз бе? 

Әр заманның ұрпағы әртүрлі. Ол сол қоғам мен орта қалыптастыратын үлкендердің әсеріне қарай бөлінеді. Ал бұғанасы әлі қатпаған бала оны қабылдайды. Қазір ХХІ ғасыр – ақпараттың, технологияның, компьютердің, виртуалды өмірдің кезеңі. 

Балаңызды таңертең ұйқысынан оятып, тамағын беріп, бетінен сүйіп, арқасына сөмкесін тағып, есіктен шығарып жібергеннен кейінгі оның өмірі сіз үшін жұмбақ па? Ендеше жұмбақтың жауабын бірге іздейік. 

Ұлдар жағы көбінесе мектепке кетіп бара жатқан кезде (төменгі сынып оқушылары) кешегі ойнаған ойынын айтып, әке-шешесі сыйлаған ойыншықтарын сөз етіп, кеше көрген түрлі киносын қозғап жол қысқартады. Сөз арасында мектеп жайлы, сабақ жайлы әңгіме болмайды. Ол әңгіме тек сынып ішіне кіріп, сөмкесін қойған кезде ғана басталады. Оған дейін олардың ойы далада қала береді. Себебі сандық технология осыған жеткізіп отыр. Оқығанын емес, көргенін айтатын ұрпақ өсіп келеді. 

Қыздар жағы әсіресе кеше көрген махаббат сериалдарын айтып, алған киімдерімен мақтанып, жігіттердің көзіне түсіп, ортаны өздеріне қаратуға тырысып жүреді. Бірақ қызығы олар мектепке бара жатқан жолда сабақ туралы сұрап, білісіп алады. Ұлдарға қарағанда олардың қабілеті басым. Бірақ білгендері ұзаққа сақталмайды. Ауада айтылып, ауада жоқ болады. 

Иә, шынымен қазіргі оқушылардың мектепке бара жатқан жолда айтатын әңгімесі, мектепте болған кезі мен үйге келген кезінен әлдеқайда маңызды болып тұр. Өйткені баланың есейгені, оның психологиясы, оның болмысы осы жолда ашылады. Ата-ана ретінде «мектепте не болды?» деп көңілін суыта бермей, арасында «жолда келе жатып не көрдің?», «қайда бардың?», «достарыңмен нені талқыладыңдар?» деген секілді ересектерге тән сұрақ қойыңыз. Балалы үйде ұрлық жатпайды. Бәлкім адасып жүрген жолын айтса, түзерсіз. Ақылға шақырып тәрбиелерсіз. 

Дереккөз: ://massaget.kz/

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған