Мектеппен қоштасу неге қиын?

Он бір жыл бойы оқыған алтын ұяңмен қоштасу өте қиын. Жан-дүниең құлазып, он екі мүшеңнің бірін жұлып алғандай сезімде боласың. Кейде еріксіз көзіңе жас аласың. Сыныптастарыңмен, ұстаздарыңмен өмір атты ұзақ жолда әлі талай жолығатыныңды, сурет естеліктердің бар екенін жақсы түсінесің. Алайда басыңнан өткерген тәтті күндер енді қайтып келмейді…

Өмір бір сәтке тоқтаған секілді. Ұстаздар мен оқушылар қамқоршың болып, бала күніңнен туған бауырыңа айналған. Енді оларды күнде, қалаған уақытыңда көре алмайсың. Әркімнің өзіне тиесілі жеке өмірі бар. Бірі армандаған ЖОО-сына түссе, екіншілері сүйіктісімен шаңырақ көтеруге шешім қабылдауда. Барлығы түбегейіл өзгерді десек те болады. Енді сағыныш жаныңды жегідей жейді.

Мұндайды бастан өткеруіңіз орынды. Өйткені он жылдан астам уақытыңызды арнаған өміріңіздің бір кезеңі аяқталды. Мектеп сіздің көп уақытыңызды алғандықтан, енді өміріңіздің мәні жоғалғандай көрініп жатыр.

Барлығы өз жалғасын табады. Енді өткен өміріңізге қарап, оны бағалайтындығыңызды, көп тәжірибе бергені үшін алғысыңызды, естеліктердің мәңгілік жадыңызда қалатынын айтатын уақыт келді. Ең бастысы, барлығының жалғасатындығына өзіңіз сеніңіз.

Мектептің өмір бойы жалғасқанын қалайсыз ба? Өзіңіздің өмір бойы мектеп қабырғасында оқып жүргеніңізді елестетіп көріңізші. Мұндай болғанын, расымен де, қалайсыз ба?

Дәл қазір – өзіңіздің армандарыңыз туралы ойлайтын уақыт. Сиқыршы келіп «Бұл өмірде қалағаныңның барлығын орындаймын. Сен не қалайсың? Кім болғың келеді?» десе, не деп жауап беретін едіңіз? Тізім жазыңыз. Артынша жоспар құрып, айқын мақсаттар белгілеңіз.

Айтпақшы, үлкен өмірге қадам басу сыныптастарыңызбен араласуға болмайды деген сөз емес. Бір-бірлеріңізді сирек көретіндеріңіз рас. Алайда жүректеріңіздегі сағыныш сезімін басу үшін жолығасыздар. Кездесу кешін өзіңіз ұйымдастырсаңыз да болады. Өміріңіздің белгілі бір кезеңі өз мәресіне жеткенін мойындаңыз.

Бұл кезеңнің аяқталғаны үшін, балалығыңыздың артта қалғаны үшін жылауыңыз орынды. Жақын адамымыздан айырылған соң өзімізді жайсыз сезінеміз. Кеудемізге мұң ұялап, жүрегімізді түсініксіз сезім қарып өтеді. Бұл да – сол секілді жағдай. Ең бастысы, бұл сезімнің өткінші екенін біліңіз. Өмір әлі алда. Әлі талай қызықты күндерді бастан кешіріп, араларыңыздан қыл өтпейтін достар табасыз. Ертеңгі күннің бұдан да қызық болатынына сеніңіз.

Дереккөз: /massaget.kz/

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған