Пол Виллард. Ескі телефон

Үйімізде телефон пайда болғанда мен өте кішкентай едім. Мұндай аппарат әлі айналамыздағы көршілерде де жоқ болатын. Қабырғаға мықтап орнатылған бұл ескі құрылғы туралы естелік әлі жадымда. Жылтыр тұтқасына бойым жетпейтін, бірақ анамның онымен сөйлескенін тыңдаудан жалықпайтынмын. Кейін телефон ішінде “оператор, мархабат етіңіз” атты адам отыратынын біліп алдым. Оның білмейтін нәрсесі жоқ. Ол бәрінің телефон нөмірі мен дәл уақытты айтып бере алады. 

«Құмыра ішіндегі жын”-мен алғашқы сұқбатым анам көрші үйге кеткенде басталды. Жертелөдегі аспаптар салынған қорапты ашып ойнап отырғанымда, абайсызда балғамен саусағымды ұрып алдым. Қатты ауырғанымен жылауға себеп таппадым. Өйткені айналамда мені жұбататын ешкім жоқ-ты. Мен аурудан солқылдаған саусағымды сорып, үй ішінде айнала бастадым. Соңында баспалдақтар жанына келіп тоқтадым. Бірден есіме телефон түсті. Қонақ бөлмедегі үлкен орындықты сүйреп келдім де, үстіне шығып, телефон тұтқасын құлағыма тостым. Сосын жоғарыдағы микрофонға мойнымды созып “оператор, мархабат етіңіз” дедім. Телефон түймесін бір-екі рет басқасын құлағыма әйелдің мәйін һәм тұнық даусы “сізді тыңдап тұрмын!” деді. 

– Саусағымды ұрып алдым… (жыларман болып әйелге шағымдансам да, енді мені тыңдайтын адам бар екенінен ішімнен қуаным тұрдым) 

– Анаң үйде емес пе?

  – Үйде ешкім жоқ, жалғызбын, – деп жылап жібердім. 

– Қолың қанап жатыр ма?

– Жоқ, қолымды балғамен ұрып алдым, соған ауырып жатыр. 

– Мұз салынған қорапты аша аласың ба?

  Мен аша алатынымды айттым. Ол аздаған мұз бөлігін саусағыма қою керек екенін айтты. Осыдан соң мен, бұл досыма хабарласып, кез келген нәрсе туралы сұрайтын болдым. Бір рет география сабағынан көмектесуін өтіндім, ол картада Филадельфия қай жерде орналасқанын айтып берді. Тағы бір рет математикадан үй тапсырмасын орындауға көмектесті. 

Бір күні ауладан тауып алған тышқанымның жеміс-жидек пен жаңғақ жейтінін де  айтты. Кішкентай шымшығымыз Питти өліп қалғанда да “оператор, мархабат етіңіз”-ге қоңырау шалып қаралы хабарымды естірттім. Ол сөздерімді соңына дейін тыңдап болды да, қарапайым үлкендер айтатын сөздермен жұбатты. Бірақ, мен оған көнбедім де сұрадым: 

– Неге сайрап, айналасына қуаныш сыйлайтын осындай әдемі құстар өліп, тор ішінде бір тұтам мамыққа айналады?  Менің қатты қайғырып тұрғанын сезген болуы керек, ақырын ғана: 

– Пол, әрқашан есіңде болсын, сайрау үшін басқа әлемдер де бар, – деді. Осыдан соң біраз жеңілдеп қалдым. Арадан біраз күн өткенен кейін тағы қоңырау шалдым: 

– Оператор, мархабат етіңіз! 

– Тыңдап тұрмын, – деді таныс дауыс. Түзету сөзінің қалай жазылу керек екенін сұрадым. Осылай күндер өте берді… 

Мұның бәрі Тынық мұхитының солтүстік-батысында, шағын ғана қалашықта орын алып жатқан оқиға еді. Мен тоғыз жасқа толғанда, біз мемлекеттің басқа қаласына – Бостонға көшіп кеттік. Ескі досымды қатты сағындым. “Оператор, мархабат етіңіз” дейтін ескі үйіміздегі “ағаш құтыны”,  жаңадан көшіп келген үйіміздегі үстел үстіндегі жылтыраған телефонға ұқсата алмадым… 

Бала кезімнен жылы естелік болып қалған сол оқиғаларды кейін де ұмыта алмадым. Қиын кездерде, үй тапсырмасын орындай алмағанымда  немесе қорқып жатқанымда оған хабарласып, өзімді біраз қауіпсіз сезінетін едім. Кішкентай ғана сәбидің ынжық мінезін көтере білген сол әйелдің сабырлылығына қазір қайран қаламын. 

Бірнеше жыл өткесін батыстағы оқуыма кетіп бара жатып, мен ұшып бара жатқан ұшақ жол-жөнекей Сиэтлге тоқтап, ол жерден басқа ұшаққа ауысатын болдым. Кейінгі ұшақтың ұшуына бір жарым сағат уақыт бар еді. 15 минут уақытымды осы қалада тұратын әпкеммен сөйлесіп өткіздім. Кейін ойланбастан оператор нөмірін теріп “Оператор, мархабат етіңіз” дедім. Ғажайыпты қараңыз, бала кезімдегі мәйін де жағымды үн естілді. Мен түзету сөзінің қалай жазылу керек екенін сұрадым.

Тұтқаның аржағындағы адам біраз үнсіздіктен кейін ақырын ғана “Осы уақытқа дейін саусағың жазылып кеткен шығар” деді. Мен күліп: 

– Бұл сіз бе, бала кезімде сіздің сөздеріңіз қаншалықты маңызды болғанын білсеңіз ғой, –дедім. 

– Қызық, сенің де сөздерің мен үшін қаншалықты маңызды болғанын білесің бе? Мен ешқашан балалы болмаған әйелмін. Сондықтан сенің қоңырауыңды күн сайын асыға күтетінмін, – деді. 

Мен осы уақытқа дейін оны ұмытпағанымды айтып, әпкеме келген сайын қоңырау шалуыма бола ма деп сұрадым. Ол “әлбетте, Салли деп шақыр” деді. 

Арадан үш ай өткесін Сиэтлге қайтып келдім. Бірақ бұл жолы тұтқаның аржағынан бөтен дауыс қарсы алды. Мен Саллиді сұрадым.

  – Саллидің досысыз ба?, – деп сұрады. 

– Иә, өте жақын досымын.

– Өкініштісі, ол соңғы үш ай бойы науқастығына байланысты жарты жалақыға жұмыс істеді. Осыдан бес күн бұрын қайтыс болды.., – деді. Тұтқаны қойып жатқанда: 

– Кешіріңіз сіздің есіміңіз Пол ма? 

– Иә… 

– Сіздің қоңырау шалатыныңызды біліп, Салли хабар қалдырып кетті. Оқып беруге рұқсат етіңіз? 

– Мархабат… 

“Әлі де сайрау үшін басқа әлемдер бар деген пікірімнен қайтқан жоқпын. Не демекші екенімді өзің білесің”, – деген хабарлама қалдырыпты. 

Мен операторға рахметімді жаудырып, тұтқаны қойдым.

Дереккөз//massaget.kz

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған