Құрғақ қымыз – фармацевтикадағы тың өнертабыс түрі

Семей, Қызылорда, Павлодар қалаларынан қымыз құрғақ күйінде шығарылады, яғни сумен араластырғанда дайын болатын ұнтақ түрінде жасап шығару технологиясы ойлап табылды. Сынамалы жоба әзірге 50 пайыз жабдықталған, бірақ өндіріс жылына бес тонна дайын өнім жасап шығаруға дайын екенін жеткізді. Бірақ мұны жүзеге асыру да мүмкін болмай тұр, себебі елімізде атам заманнан бері қымыздың саумал түрі, сұйық түрі ғана қолданылатындықтан бұл өнімге арналған нормативтік база жоқ. 

«Игеру ШҚ» ЖШС-да табиғи бие сүтін сублимациялық әдіспен құрғақ ұнтаққа айналдыру қажеттілігі туралы ой бұрыннан бар. Қымызға сұраныс аса жоғары ел Германияның тәжірибесіне сүйеніп, біздің елімізде де сынақтан өтті. Германияда саумалдан 30 түрлі азық жасайды, оның қатарына балаларға арналған қоспа, балмұздақ та кіреді. 

– Сублимация не лиофилизация әдісі сұйықтықты ұнтаққа айналдырады, – дейді «Игеру ШҚ» ЖШС басшысы Евгений Шевченко, – Қазіргі уақытты бұл нағыз қажетті өнертабыс түрі болып тұр, сублимацияға арналған жабдық 70-ші жылдары АҚШ-та ғарыштық өндіріске арнап ойлап табылған, кейін азаматтық айналымға түсті. Негізінде бұл үдеріс химиялық айналдыру деп аталады, бұл – терең вакуумдегі ылғалды жою үдерісі. Егер жай ғана су қосса, қайтадан нағыз табиғи өнімге айналады. Вакуумдық қаптама өнімді ұзақ уақыт сақтауға (5-7 жыл) және ұзақ жолға алып шығуға мүмкіндік береді. 

Ал «Игеру ШҚ» ЖШС директоры Ермек Әбдиев былай дейді: – Қазақстандағы қымыз құрамында лактоза көмірсуы болуымен ерекшеленеді. Бұл ағзаға жүз пайыз сіңетін көмірсу түрі. Ал Германияда шығарылатын қымызға балама өнімге сахароза қосылады. Біздегі көмірсу мен сүт майлылығы мол болғандықтан еуропалықтар асқан қызығушылық танытады. 

Неміс ғалымдары бие сүті ана сүтінен кейінгі аса пайдалы өнім екенін дәлелдеді. Бірақ сауғаннан 20 минут өткеннен кейін бұл қасиеті буға айналып кетеді. Барлық қасиетін сақтауы үшін жаңа сауылған сүт кәсіпорынға мұздатылған күйінде жеткізіледі, содан кейін ғана арнайы сублимация қондырғысына жібереді. Осылай дайындалған құрғақ қымызды таза суда ерітіп, көпіршігенше қойса, нағыз табиғи қымызға қайта қол жеткізуге болады.

Дереккөз: //massaget.kz

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған