Сәбилерден сұраңдар

Ағы, сары, қарасы…—
Жүрген қала,
далаңда —
Әлемнің бар баласы
Жиналса бір алаңға.
 
Алға шығып төреші:
— Бояу, қалам ал,— десе,
Нені жақсы көресің,
Суреттерін сал,— десе!…
 
Ойланбай-ақ сәбилер,
Салар еді құлшынып…
Ең алдымен, әрине,
Тұрар еді күн шығып.
 
Жер көгеріп сол бойда,
Жасыл бақтар жайқалып,
Тал басында торғайлар
Тұрар еді шайқалып.
 
Толар еді ән-күйге,
Аққу-қаздар көлге кеп…
Биік-биік сәнді үйлер
Бұлтқа қарай өрмелеп.
 
Жаңбыр құйып шелектеп,
Жерге моншақ шашылып;
Күн жарқырап кенеттен
Кетер еді ашылып.
 
Көк өзендер күмбірлеп,
Орман-тоғай шуылдап;
Жан-жануар би билеп,
Жатар еді дуылдап.
 
Қол үстасып ұландар
Жүздерінде күлкі ойнап;
Шығар еді құмардан
Бірге шалқып, бір тойлап.
 
Қызыл-жасыл киіне,
Бала біткен гүлденіп;
Қайтар еді үйіне,
Мамасымен бірге еріп…
 
Аңсайды оны бар ел де,
Біледі оны ұландар.
Не керегін әлемге
Сәбилерден сұраңдар!

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған