Туған қалам – Қарағанды

Республикамыздың басты қалаларының бірі саналатын, «қара алтынның» отаны, кеншілер астанасы Қарағанды қаласына биыл 85 жыл толды. Сарыарқаның төрінде орналасқан Қарағанды-менің сүйікті қалам. Мен осындай әсем қалада туып, білім алып, өсіп келе жатқан бақытты балалардың бірімін. Қарағанды – елімідің ірі индустриялық-өндірістік және мәдени орталығы.Көрікті қалам келген қонақтарды тарихи ескерткіштері, зәулім ғимараттары, мәдени орындары, ірі сауда орталықтарына толы көшелерімен қарсы алады. Халқының қонақжайлылығымен есте қалатын қаламмен мақтанбау мүмкін емес. Қарағанды қаласы 1934 жылы ақпан айының 14 күні қала мәртебесін алған. Әрине, көмірлі қаланың тарихы тереңде жатыр. Аңыздарға сүйенсек, бұл жерде қараған өсімдігі мол өскен екен.Соған байланысты Қарағанды болып аталған.

Өңіріміздің басты мақтанышы мен байлығы ол – әрине көмір. Қарағандының қара алтынын алғаш болып, қарапайым қойшы бала Аппақ Байжанов тапқан. Содан бері қалада Шахталар мен кен орындары ашылып, техникалар әкелініп, арқа жеріндегі Қарағанды индустриалық орталыққа айналды. Бүгінде бүкіл қазақ елі, тіпті бүкіл әлемнің жылуы үшін қаламызда қаншама кеншілер үздіксіз жұмыс жасап, халыққа пайдасын тигізіп келеді.Жерасты шахтасында басын бәйгеге тігіп, әр үйге жылу беру үшін барын салып жүрген кеншілердің еңбегі өлшеусіз.

Қарағандыдан қаншама текті де өр, батыр да ержүрек, білімді де танымал, өнерлі де әйгілі мақтаныштарымыз шыққан. Олар еліміздің, мемлекетіміздің негізін қалап, отанымыздың көркеюіне үлес қосып, біздей жас ұрпаққа ұлгі болған тұлғалар.Олардың қатарында шертпе күйдің шебері-Тәттімбет, дәстүрлі әнші Манарбек Ержанов, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, өр ақын Мәди Бәпиұлы, батырлар-Нұркен Әбдіров пен Мартбек Мамыраев, жазушы Ақселеу Сейдімбек, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, танымал кескіндемеші Анатолий Билык, жаман ауруды емдейтін арглобинді ойлап тапқан Серғазы Әдекеновтер бар. Айта берсек мақтаныштарымыз өте көп. Кеншілер отбасында туып, қарапайым сары баладан атақты боксшыға айналған Қарағандының тумасы Геннадий Головкинді бүгін әлем таниды. Олардың ізін жалғастырып, қаламыздың абыройын асқақтатып жүрген аға-әпкелеріміз де жетерлік.

Қара шаңырақ Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Станиславский атындағы орыс драма театры, Абай, Гоголь, Бектұров атындағы кітапханалар, Кеншілер мәдениет сарайы, мұражайлар, ұлттардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағандыдағы Достық үйі ғимараттары қаламызға ерекше көрік беріп тұр. Еліміздегі мықты деген білім ордаларының қатарындағы Бөкетов атындағы ҚарМУ, Медицина Университеті, ҚарМТУ ды да ауыз толтырып айта аламыз. Сәні мен салтанаты келіскен, мәдениет пен өнердің, білім мен өнеркәсіптің ордасына айналған, тарихи мұрасы бай Қарағандым дамып, көркейе берсін.

Қазақстанның дәл орталығында орналасқан Қарағанды еліміздің жүрегі іспеттес. Қалай десекте, кеншілер қаласының тек жақсы жағынан танымал болғанын, қарағандылықтардың тек игі істерімен ел есінде қалғанын қалаймыз. Ол үшін мен және менің замандастарым, еліміздің болашағы жастар ат салысуы керек. Еліміздің қай өңірі болсын аса қасиетті де маңызды. Ендеше, Қазақстан деген шаңырағымыздың жалпы гүлденуіне әрбіріміз үлес қосуға талпынсақ нұр үстіне нұр болар еді. Елбасымыз ел болашағы жарқын болуы үшін барлық жағдайды жасады. Ал біздің міндет оқу бітіріп, туған өлкеге қызмет етуге тырысу. Туған қаласына құрылыстан, медицинадан, білімде көмектесіп жүрген азаматтар бар. Олар ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, аулаларды абаттандыруда. Сондай елінің азаматы бола білген тұлғалардың жақсы жолын біз жалғап, қаламыздың көркеюіне үлес қосамыз. Сүйікті қалам Қарағанды жайнай бер, көркейе бер!

Мекентай Әбілмансұр

Қарағанды қаласы № 92 гимназия 6 сынып оқушысы

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған