Жапалақ

Жапалақтар сыртқы белгілеріне қарағанда, күндізгі жыртқыш құстарға ұқсас болғанымен, систематикалық жөнінен олардан анағұрлым алыстау тұрады.

Жапалақтың қауырсындары қалың және жұмсақ, қопсып тұрады. Сондықтан да, ұшқанда дыбыс шығармайды. Қорегін есту органының көмегімен іздеп табады. Құлағының қалқаны біршама жақсы жетілген. Құлақ қуысының алдыңғы жағында, дыбыс толқындарын күшейтетін тері қатпары орналасқан. Бұлардың көзі үлкен, сондықтан жапалақтар түнде де жақсы көреді. Ғалымдар жапалақтың жанарын зерттеу арқылы да біраз құпияға қаныққан. Кез келген қарапайым жапалақ 800 метр қашықтыққа қойылған жалғыз шырақтың сәулесіндей жарықта-ақ қаптесер тышқанды қалт жібермейтін көрінеді. Ал, қаптесерді осындай қашықтықта көру үшін адамға ең аз дегенде 450 шырақ қажет екен.

Бір сөзбен айтқанда жапалақтар қараңғыда адамнан 450 есе жақсы көреді. Басын өте тез қозғап, 270 градусқа бұра алады. Жапалақтың мойын омыртқаларының осылайша ерекше орналасуы бір қарағанда толық 360 градусқа айналып тұратындай көрінеді. Қорегін ұзын саусақты табанымен қармап ұстайтын құсты Египеттің кей халықтары соғыста римдіктердің жеңіліске ұшрайтындығын алдымен болжаған құс осы деп, оны ажал шақырушы ретінде жек көрсе керек. Армиян кітаптарында оны жын-періге ұқсатып суреттеген.

Жапалақ туралы керағар пікірлер көп. Мысалы, осыдан үш мың жыл бұрын Қытайда жапалақты амандық-саулықтың символы деп есептесе, ежелгі перуандықтар жапалаққа үлкен көздері үшін бас иген. Ал, Самоа аралдарында өлген жапалаққа дауыстап жылап, салтанатты түрде жерлеп отырған. Тіпті, римдіктер жапалақты даналық құдайы Минерваның қасында отырған қасиетті құс деп ұққан. Соған байланысты «Минерваның жапалағы түнде ұшады» деген сөз тіркесі пайда болған. Ол «жақсы ойлар көбінесе түнде келеді» дегенді астарлап аңғартады екен.

Жапалақтың жер бетіне ежелден пайда болғаны расталып отыр. Францияның оңтүстігіндегі бір шатқалдан жапалақтың тастағы суреті табылған. Ол сурет осыдан 17 мың жыл бұрын тасқа қашалып салынған. Қазақ халқы болса, «жапалақты таспен ұрсаң – жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» дейді. 

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған