Жол үстіндегі жекпе-жек

Әкесi екеуi далада тұрған едi. Гүрiлдеген жеңiл ма-шинаның дауысы құлаққа шалынды да, iле бұлардың жанына келiп тоқтай қалды. Машина iшiнен екi ер адам және он төрт, он бес жас шамасындағы қара торы бала түстi. Баланың қолтығындағы шахмат тақтасы Мақсұттың да, әкесi Ардақтың да көзiне бiрден шалынды. Қарақаттай екi көзi мөлдiреп, жалын атып тұрған Мақсұт өткен жылғы көктемде аудан орталығы Мақаншы мектеп оқушыларының шахматтан өткен бiрiншiлiгiн ойлады. Бұл жарысқа өзi де қатысып, қарсыласының бәрiн таза жеңген ол аудан чемпионы атанып, болашақта облыста өтетiн бiрiншiлiкке жолдама алған едi.

Машинадан түскендер бұлардың жанына келiп өздерiн таныстырды. Ақсуат ауданының адамдары екенi. Баласының аты Серiк. Ол да өз ауданында өткен шахмат жарысында чемпион атаныпты. Әкесiнiң айтуына қарағанда, ол қатарынан бiрнеше ойыншымен қатар ойнап, барлығын жеңе беретiн талант көрiнедi. Мұны естiген Ардақ ұлына қайта-қайта жалтақтаумен болды. «Бiр рет ойнап жiберсе болар едi. Сонда Мақсұтым өзiнiң өнерiн көрсетер» деп ойлады iшiнен. Ал Мақсұт болса, «Ешбiр нәрсеге қарамай қазiр-ақ ойнар едiм. Оған амал қанша» деп үнсiз тұрғанда:

– Қазiр айтулы шахматшылармен жол үстiнде де ойнап iрi-iрi жеңiстерге жетiп жүр, – деп ұлына масаттана қарады бейтаныс жолаушы. Серiк те маңғаздана түстi. – Бiрақ өкiнiшке орай мұнымен бұл ауданда ойнайтын ойыншы жоқ екен, – деп сөзiнiң соңын Мақ-сұттың қытығына тигiзе сөйлеп едi, Мақсұттың әкесi шыдай алмады:

– Отағасы, менiң баламмен ойнап көрсе қайтер едi, – деп айтуын айтып қалса да, өзi бiр ыңғайсыз жайға қалғандай болған. Сол-ақ екен, Серiк қолтығындағы шахмат тақтасын жайып, тастарын тiге бастады. Серiк-тiң папасы бiр қолына ақ, бiр колына қара шахмат тасын жасырып, Мақсұтқа «Қане, қайсысын қалайсың?» дегенi.

– Маған бәрi бiр, – дедi Мақсұт. Онан соң көп ойланып тұрмай-ақ: – Оң қолыңыздағы менiкi болсын, – дедi. Мақсұт ақ таспен ойнап, жүрiстi бiрiншi бастаған. Екi жақтың да тiлеулестерi демiн iшiне тартып, үн-түнсiз қалған. Алғашқы ойын көпке созылған жоқ. Мақсұт жеңiл ойнап, жеңiске тез жеттi.

– Бұл жолы асығыс болды, қайта ойналық, – дедi Серiк қызарақтап. Мақсұт басын изеп үнсiз келiстi. Бұл жолы ойын шиеленiсе түстi.

Ұзақ ойналды. Алайда жеңiс Ардақтың ұлының үлесiне тиiп 2:0 есебiмен Серiк ұтылып қалды.

«Бiз әлi кездесемiз. Сонда көрермiн», – деп ойлады Серiк iшiнен. Оның папасы болса, баласының көңiлiн жұбатқандай болды. «Ештеңе етпейдi, ондай-ондай болады. Бұл жолы өзi тым асығыстау ойналды. Шахмат асығыстың ойыны емес, ол уақытты өте мол қажет ететiн өнер» деп бiраз көңiл жұбату сөздер айтты. Ал, Мақсұт-тың әкесi Ардақ болса баласының жақсы ойнағанына, тапқырлығына iштей риза болған. Бiрақ, ұлына iшкi сырын сездiрмедi. «Асықпай, ойлана ойнасаң қашан да ойын жеңiсi өзiңе тиедi» деп қойды.

Бұл кезде бейтаныс жолаушылар машинаға отырып жылдам кетiп қалуға асыға түскен едi.

Comments:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған